Тәуелсіз мемлекет болуымыздың жиырма жылдығын атап өтуге жақындап қалсақ та, елімізде «Отаршылдықтан кейінгі зерттеулер» саласы мен осы саланың ең алдымен методологиялық жағынан дамуында үлкен роль ойнаған еңбектердің қазақ тіліне аударылу ісі әлі де қолға алынбай келеді. Аталмыш саланың дамуы тәуелсіздігіміздің баянды болуына айтарлықтай үлес қосар еді. Ең алдымен, біздерге отаршылдықтың ең үлкен зардабы болып саналатын «тәуелсіз емес», «бізге тән емес» ойлау жүйесінен арылудың жолдарын анықтауға көмектесер еді.
Біздің өзіндік ұлттық ойлау жүйеміз Кеңестік тоталитарлық дәуірде мүшкіл хәлге жетті. Сондықтан тәуелсіз ел болсақ та, бізге сырттан таңылған, жат ойлау жүйесінің шырмауынан құтыла алмай жүргендейміз. Бұл ойлау жүйесін «бізге жат шаблондарға сүйеніп ойлау» жүйесі деп де атай аламыз, көпшілігіміз бұл шаблондарды аңғара да бермейміз. Мұның көркемсөз өнеріне де тікелей әсер ететіні мәлім. Яғни біздің жазушыларымыз, ақындарымыз, драматург пен суретшілеріміздің өз шығармаларында қолданып жүрген образдары мен көркемдік түсініктерінде «бізге жат шаблондардың» азды-көпті әсері байқаалады. Сол себепті бүгінде бабалар сөзін, тіпті Абайдың, Шәкәрімнің, алаш зиялыларының еңбектерін толық түсіне алмай келеміз.
«Тәуелсіз емес», «бізге тән емес ойлау жүесінің» ерекшеліктерін түсіну үшін «отаршылдықтан кейінгі зерттеулер» саласында өте үлкен маңызға ие Эдвард Саидтің еңбектерін, көзқарастарын білу керек деп ойлаймыз. Қазіргі кезде көптеген дамыған (бұрынғы отарлаушы) және дамушы (бұрынғы отарланған) елдердің университеттерінде құнды методолиялық оқулық ретінде оқытылатын Эдвард Саидтің еңбектері, өкінішке орай Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда көп біліне бермейді.
Аты әлемге әйгілі Эдвард Саид, христиан- палестиналық тектес американдық лингвист және әдебиеттанушы ғалым. Эдвард Саид Палестинада дүнеге келген, Мысырда өскен, АҚШ-та білім алған және қайтыс болғанға дейін АҚШ-тың атақты Колумбия университетінде ағылшын тілі мен америка және ағылшын әдебиеті салаларының профессоры қызметін атқарған, шығыс пен батысты бірдей және ішінен білген ірі ғалым, ойшыл әрі саяси қайраткер болған. Эдвард Саидтің ең атақты еңбегі, 1978 жылы басылған, бүкіл әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында төнкеріс жасаған «Ориентализм» (Orientalism) атты кітабы.
Э. Саид бұл кітабін, шығыс халықтары мен қоғамдары туралы жазылған және ағылшын, француз т.б. батыс тілдерінде жарық көрген бірнеше мың мәтінге сүйеніп жазады. Э. Саид «ориентализм» ұғымын біз білетін шығыстану ғылымы мағынасында көп қолданбайды. Э.Саидтің анализдері бойынша, «ориентализм» ең алдымен қате методология, «шығысты» қисық призма арқылы зерттеу, қабылдау және бұрмаланған күйінде басқаларға таныту методологиясы (қазіргі кезде кейбір ғалымдар «ориентализм» ұғымын «өзімізге ұқасамайтындарды қисық призма арқылы, бұрмаланған көзқарас арқылы зерттеу, кабылдау және бұл образдарды басқаларға кабылдатқызу методологиясы деп кең мағынада алып қарастырады).
Ориенталистік түсінік, ең алдымен, Шығыс пен Батыс арасында онтологиялық және эпистемологиялық қайшылық бар деген «а-приори» (еш тартыссыз қабылданатын аксиомалық түсінік) ұстанымға негізделеді.
Ориенталистік түсінік Шығыстың образдарын негізінен қиялдан жасайды және бұл образдар әдетте Батысқа тиесілі жағымды образдарға қарама қайшы сипатқа ие болып келеді. Сондай-ақ бұл образдар ауызекі тілде, күнделікті өмірде клише болып кетеді (мысалы «Восток дело тонкое» деген түсінік ориенталистік клише болып табылады).
Ориенталистік менталитеттің Шығыс образдарын үш топқа жинақтауға болады: 1) Шығыс - «деспотикалық» (despotic), яғни шығыс халықтары, қоғамдары (әсіресе шығыстың ер адамы) қатыгез, қанышер болып келеді («шығыс деспотизмы» мен «Ислам қылыш діні» деген «а-приори» ұғымдарды бұған мысал ретінде келтіріге болады); 2) Шығыс - «экзотикалық» (exotic), яғни шығыс халықтары, қоғамдары таңғажайып, тылсым дүние; 3) Шығыс – «эротикалық» (erotic), яғни шығыс халықтары, қоғамдары сезімдердің жетегінде кеткен, шығыс әйелі сенсуализацияланады (мысалы гарем, шығыс биі жайындағы мифтер осылайша ойдан шығарылған)
Біздің әдебиетте, көркемөнерде, медиада, тіпті күнделікті өмірде осы образдар жоқ емес деп айта алмаймыз. Біздің санамызға осы ориенталисттік образдар кірген. Яғни біз «өзімізге өзіміздің назарымызбен», яғни өз призмамызбен қараймыз ба? Әлде біз өзімізді «бізге сырттай танылған көзқарастар мен образдар» арқылы көреміз бе? Жақында көрсетілген және көптеген тартысқа жол ашқан «Келін» фильмін бізге танылған осы ориенталистік менталитеттің ең үлкен айғақтарының бірі деп есептеуге болатын сияқты.
Біздің қоғамда, әсіресе кейбір интеллегенция өкілдерінде өз халқына, өз тарихына, ана тіліне, ата дініне ориенталистік көзқараста болуының басты себебі - батыстық негіздегі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың және классикалық батыс әдебиетінің (мысалы, Данте, Вольтер, Флобер, Мопассан, тіпті Киплинг) осы ориенталисттік менталитетке құрылғандығынан. Алайда, сонғы 20-25 жылда Батыс елдерінде батыстық негіздегі гуманитарлық ғылымдардың біржақтылығын, ориенталистік негіздегі стереотиптік призмасын сынайтын, балама, альтернативті көзқарастар, түсініктер, ұстанымдарға негізделген еңбектер көптеп шығып жатыр. Бұнда «Отаршылдықтан кейінгі зерттеулер» саласының атқарып жатқан ролі өте үлкен. Эдвард Саидтің «Ориентализм» және «Империализм мен мәдениет» атты еңбектері бұл саланың ең манызды құралдары, бағдаршамдары арасында есептеледі. Бұл еңбектердің қазақ тіліне аударылу ісі тезірек қолға алынса нұр үстіне нұр болғалы тұр.
Автор туралы
Horizon Research Зерттеу орталығы, Сәуір 2011, Алматы
We have 6 guests and one member online